ТУРИСТІК БАҒЫТТАР

       «Таңбалы» қорық-музейі экспозициясының басым көпшілігі Таңбалы шатқалындағы табиғи ландшафта орналасқан «жылжымайтын» жалпақ тас беттеріндегі петроглифтерден, сонымен қатар бірыңғай археологиялық кешенді құрайтын басқа да ескерткіштерден тұрады. Кешенде жалпы алғанда жүзге тарта әр түрлі уақытқа жататын ескерткіштерден – б.з.д. ХIII-ХIV ғасырдың ортасынан бастап ХІХ–ХХ ғасырларға дейінгі кең аралықтағы кезеңдермен мерзімделетін қоныстар, қорымдар, ежелгі тас қашау орындары, петроглифтер мен ғұрыптық құрылыстардан (құрбан шалатын жерлер) құрылған. Осыған орай «ашық аспан» астындағы ландшафттық музейлер экспозициясының жобалануы мен менеджменті айтарлықтай ерекше, әсіресе оның табиғи ортадағы экспозициясы әдеттегі музей экспозициясынан өзгеше.

       Музейді құру үшін археологиялық кешенде жүргізілген бұрынғы ғылыми зерттеулерді  қарастыра, отырып, тек ескерткіштің ерекше қорғау аумағын ғана емес, оның аралық аймағын да зерделеу керек болды. Қорық-музей экспозициясының ерекшеліктеріне ескерткіш аумағындағы жүргізілетін экскурсияны «Таңбалы» қорық-музейінің мамандандырылған жолбасшылары (гид) мен қызметкерлерінің жүргізгендігін жатқызуға болады. Экскурсияны жүргізу тау алды жазықтығында орналасқан «кейінгі қола кезеңіне» (б.з.д. 12-10 ғғ.) жататын қорымнан басталады. Ары қарай экскурсия маршруты бес топқа бөлінген петроглифтердің көпшілік мөлшерде шоғырланған орны және кейінгі қола дәуірінің Таңбалы-2 қорымына баратын қорық-музейдің орталық бөлігі бойынша өтеді. Петроглифтерге танымжорық 2-топтағы жартас суреттерінен басталады.

       Петроглифтердің 1-ші тобы 111 петроглифтерден құралады.  қола дәуірінің эскиздері және аяқталмаған суреттері болып табылатын, жануарлардың жеке кескіндері өте үлкен мөлшерде, 60-70 см дейін тұратын үлкен бөліктен тұрады.

      Петроглифтердің 2-ші тобы – ең анық сымбатты, көрікті. Мұнда Таңбалының ежелгі 432 петроглифтері орналасқан. Қола дәуірінің суреттері өте ірі, терең және мұқият қашап істелінген. Тек осы жерден ғана  «шәйтән кимін киген» адам бейнесін көруге болады. Осы топта Таңбалы жартастарындағы суреттердің өте ежелгі және ең мәнерлі сериясын сипаттайтын орта қола дәуірінің петроглифтері басым.  

    Петроглифтердің 3-ші тобы қола дәуірінің 444 петроглифтерінен құралған, алайда олардың елеулі бөлігі келесі ғасырларда жаңаланған. Ертедегі композициялардың көпшілігі сақ уақытының және орта ғасырдың петроглифтарымен толықтырылған. Осы топтың петроглифтерін кеңістіктік шешу галереяға ыңғайланып орналаса отырып, қарама-қарсы жағынан оларды бақылауға жағдай жасайды.

    Петроглифтердің 4-ші тобы қасиетті орынның мәндік және композициялық орталығын түзейді. Мұнда 700 астам петроглифтер бар, олардың көпшілігі онша мәнерлі емес. Олар ертедегі темір дәуіріне, орта ғасырларға және жаңа уақыт кезеңіне (17-19 ғасырлар) жатады. Қола дәуіріндегі бірегей  пантеон айырықша құндылыққа ие, онда белгілі тәртіппен және әрқайсысы өзінше ертедегі пұтқа табынушылықтың 7-діни кейіпкерлерімен бейнеленген, ал төменірек  10-жауынгер, жас босанған әйел және дұғаға қолдарын жайып отырған адамдар бейнеленген.

     Петроглифтердің 5-ші тобында 1000 астам жартастағы суреттер бар. Қола дәуіріне жататын  жануарлар (денесінде жолақтары бар бұқалар, қабан-шошқалар, аттар және басқалар) бейнеленген бірнеше ірі панно, түйеге шегілген сәнді арба, жүк таситын арба, сондай-ақ шоқпарлылар және  «күнбастылар» бейнелері жатады. Жалпы алғанда жартастарда 11-құдайлардың бейнесі сақталған, алайда оның бәрі 4-ші топта бейнеленген «пантеонның» бас кейіпкерінің бейнесін қайталайды.

     6-топтың петроглифтері шатқалдың орталық аймағынан біршама қашықтықта, бірақ бүгінгі уақытта экскурсияның негізгі маршрутына кірмейді. Бұл жерде түркі дәуіріне жататын петроглифтер айтарлықтай бірегей және дәл осы кезеңнің ерекше жартас өнері болып табылады.

     7-топтың петроглифтері 6-ші топты көріп шығуға ұйымдастырылған бағдардың ұзақ нұсқасы 7-ші топ: «Таңбалыдағы түрік кезеңіндегі 150 ден астам жартастағы суреттердің» негізінде, Таңбалының солтүстік жағындағы Сұнқарсай шатқалындағы петроглифтерге арналған жаңа бағдар болып табылады.

   Таңбалы шатқалының таулы бөлігінде қоныс тұрақтары орналасқан. Адыр үстіндегі (ойлы-қырлы жердегі) қоныстар 300-ден 1200-ге дейінгі ш.м. болатын шағын алаңды алып жатыр және әртүрлі геоморфологиялық жағдайда: алқаптың енді бөлігі шағын сай баурайының еңісінде немесе биіктеу бөлігіндегі қырында орналасқан. Топографиясының әр түрлілігіне қарамастан негізгі алаң оңтүстік, оңтүстік-батыс және оңтүстік-шығысында жатыр. Көпшілік қоныстар сияқты мұнда да тұрақты құрылыс қалдықтарының барын (баспана, малға арналған қоралар), сонымен бірге атап өткендей орналасқан орнының ерекшеліктері оларды ұзақ уақыт бойы, әсіресе маусымда (қысқы уақытта) Таңбалының ежелгі бақташылары пайдаланғандығын көрсетеді. Тұрақты қоныспен қатар болмашы мәдени қабаты бар, арасында үй жануарларының сүйектері басым тас қашарлардың қирандысын атап өтуге болады. Мұндай ескерткіштерді көктем-күз маусымдарында пайдаланатын уақытша қоныс немесе тұрақ ретінде топтастырып, көшпенділер мәдениетінің жаңа кезеңіне жатқызылды.

 

 

  

 

«Таңбалы» кешенінің аумағындағы ботаникалық сирек кездесетін өсімдіктерге мерзімдік маусымға арналған таным жорығы.

 «Таңбалы» қорығы Балқаш көлі және Шу өзенінің су сағасы бөлетін Шу-Іле тауларының оңтүстік – батыс бөлігінде орналасқан. Зерттеушілердің деректеріне сүйенсек миллиондаған жылдар бұрын мұнда биік тау шыңдары көкпен таласып тұрғандығы айтылады. Жел мен жауын-шашын салдарынан уақыт тоздырған тау жоталары екі жүзден астам шақырымға созылып мүжіліп жатқаны байқалады.

Бұл шағын тау тізбектері Доланқара, Құлжабасы, Кіндіктас, Хантау, Аңырақай, Таңбалы шатқалдары және көптеген ұсақ таулары шоғырланған. Олардың баурайы мен аласа төбелерінің бетін қалың қиыршық тас басқанымен алғашқы қалпы барынша жақсы сақталған.

Теңіз деңгейінен салыстырмалы түрде биік еместігі, биік таулы аймақтан барынша жырақтығы салдарынан атмосфералық жауын-шашын мөлшері көп болмайтын көрінеді. Жаз айларында жоғары температурадағы аптап ыстық кезінде жыл бойғы жауын-шашын мөлшері 250 мм-ден аспайды. Тек орта шеніндегі неғұрлым шоқтығы биік бөлігінде ғана әжептеуір артық болып, 300 мм-ге жетеді. Соның салдарынан аймақта су тапшылығы орын алған. Шу-Іле тауларынан бастау алатын бүкіл өзендер көктемгі еріген қар суларымен ғана толығады. Сол кездің өзінде де оларда жиналатын су мөлшерінің соншалықты аздығынан су ағыны шеткі көтеріңкі аумақтарына жетпей сіңіп кетеді. Тіпті жаздың басында-ақ өзендерде, сондай-ақ олардың көздері де суалып, бүкіл аймақ сусыз шөлейтке айналады.

Бір қарағанда шөл дала сияқты көрінетін табиғат көріністерінің тасасында бай өсімдіктер мен жануарлар әлемі жасырулы. Көктемде шатқалдар гүлді шалғындарға ұқсайды. Ашық дала мен ұсақ тасты аласа таулы жерлерге ерекше және сирек кездесетін Қазақстанның «Қызыл Кітабына» енгізілген Регель қызғалдағы (эндемик Оңтүстік Қазақстанда, Шу – Іле тауларында өседі), Юнона Кушакевича (эндемик Шу – Іле тауларында, Қаратау бөктерлерінде және Қырғыз Алатауында өседі), Жетісулық Недзвецкий (эндемик дүние жүзі бойынша тек қана Шу – Іле тауларында өседі), Альберт, Колпоковский қызғалдағы өседі. Кәдімгі шөлейт жерлерде эфемеройдтар (Poa bulbosa, Carex pachyatylis), көптеген эфемерлер, сондай-ақ шөл далалық астық тұқымдастар (Stipa richterana, S.hohenackerana, S.caspia) өседі. Алайда шөлдалалық шалабұта мен бұталар басым. Сонымен қатар, мұнда сортаң дала топырағында өсетін жусанды - дәнді шөптерден жергілікті табиғатқа тән өсімдіктер қатарында сұр жусан, бетеге және ақселеуді тағы да басқа көптеген өсетін өсімдіктерді кездестіруге болады. Жер асты сулары тұзды сортаң. Шатқалдарда ағашты-бұталы өсімдіктерден тал, қараған, итмұрын, шетен өседі.

 Қазақстанның «Қызыл Кітабына» енгізілген сирек кездесетін өсімдіктерін кездестіруге болады.

 Регель қызғалдағы (Tulipa regelii Krash)

 

Қысқаша сипаттамасы: Регель қызғалдағы - (Tulipa regelii Krash) Жоңғар Алатауында, Шу-Іле тауының аласа жоталары мен оның айналасындағы шөл далаларында ғана өсетін эндемик өсімдік.

Регель қызғалдағының биіктігі бар болғаны 5-10 см ғана болатын шағын түр. Пиязшығы жұмыртқа пішінді, оның сыртын қатты және қоңыр қабықша қаптап жатады, диаметрі 3 см. Ұшы үшкірленіп келген сопақша, жалпақ қандауыр тәрізді, сырты тегіс және жасылдау келген немесе сұрғылт түсті жалғыз жапырағы бар. Ол жапырақ сабақты гүл жағынан қапсыра орап жатады. Гүлі кішкентай, ұзындығының бар болғаны 3 см ғана. Гүлінің ішкі жағы ақ, оның кішкене сары жолағы бар, сырты қызғылт қара-көк түсті. Гүл қоршауының екі есе қысқа аталығының тозаң қабы ашық жатады, ұзындығы 5-7см. Наурыз - сәуір айлар аралығында гүлдейді.

Регель қызғалдағы қолдан өсіруге оңай көнеді, бірақ құрғақ және күн жақсы түсетін топырақты қажет етеді. Азайып кетуіне байланысты қорғауды қажет етеді. Сирек кездесетін Қызыл кітапқа енгізілген гүлдің бірі.

 Юнона Кушакевич (Juno kuschakewiczii)

  

Тарихи анықтама. 1821 жылы Юнона түрін европалық ботаник Л. Траттиник (1764-1849) римдіктердің әйелдерді қорғайтын құдайының құрметіне орай осылай атап сипаттама берген.

1905 жылы Б.А. Федченко (1873-1947) бұл өсімдік түрін алғаш рет сипаттаған, Санкт-Петербургте ресей ботанигі А.А. Кушакевич жинақтаған сол себепті осының құрметіне аты берілген.

Қысқаша сипаттамасы: Юнона Кушакевич - (Juno kuschakewiczii) балғындары сопақша келген, көлемі 1,5 см. тамыры көп салалы болып келеді. Сабағы қысқа 10 см-ге дейін жетеді, жапырақтары қара – жасыл болып орамдана өседі. Гүлдері жалғыз немесе 2-3, ал үлкендері 3-5 см-ге дейін жетеді. Түсі ақшыл – күлгіннен қара – күлгінге дейін кездеседі. Наурыз-сәуір айлар аралығында гүлдейді, мамыр айынан – маусым айы аралығында тұқым шашады. Биік емес орташа таулы аумақтарда, тасты шатқалдарда, қызғылт түстес батпақты жоталарда өседі. Қырғыз асуының шығыс аумағында, Шу-Іле тауында, Іле-Алатау тауында (Жамбыл және Алматы облысы) таралған. Сирек кездесетін Қызыл кітапқа енгізілген гүлдің бірі.

Жетісулық Недзвецки ( Niedzwedzkia semiretshenskia)

 

Қысқаша сипаттамасы: Жетісулық Недзвецки ( Niedzwedzkia semiretshenskia) немесе Қызыл адыраспан - эндемикалық, жойылып бара жатқан «Таңбалы» қорық-мұражайында өте сирек кездесетін гүлдің бірі. Көп жылдық өсімдік, биіктігінің орташа өлшемі 30 см, сабағы көп салалы, қалың, жапырақтары өте жұқа нәзік келген. Түсі ақшыл күлгін, гүл асты трубка тәріздес көмкерілген ұзындығы 4-5 см.

Оңтүстік Қазақстан, Шу-Іле тауының батыс қапталдарында, Аңрақай (Қопалысай биіктерінде), Таңбалы, Айдерке және Ащысу шатқалдарында таралған. Ерекше тез өседі, гүлдері мол, бір бұтасында шамамен 335 қорапшасы болады. Ылғалды жерді қаламайтын өсімдік. Мамыр айында гүлдеп, маусым – шілде ай аралығында тұқым шашып көбейеді.

Гималай, Шу-Іле тауында, Іле-Алатау тауында (Жамбыл және Алматы облысы) таралған. Сирек кездесетін Қызыл кітапқа енгізілген гүлдің бірі.

 Альберт қызғалдағы (Тulipa alberti)

  

Қысқаша сипаттамасы: Альберт қызғалдағы (Tulіpa albertі) – лалагүлділер тұқымдасы, қызғалдақ туысына жататын жуашықты көп жылдық шөптесін өсімдік. Қазақстанда Балқаш-Алакөл ойысында, Қаратауда, Батыс Тянь-Шаньда, Шу-Іле тауларында өседі. Биіктігі 12 – 20 см, қара қоңыр түсті жуашығы жұмыртқа тәрізді. Тік сабағына көкшіл сұр түсті, сыртына қарай қайрылған 3 – 4 жапырақтары кезектесіп орналасады. Дара гүлі сары, қызғылт немесе қан қызыл түсті болып келеді де, ал ішкі жағында қара дақтары болады. Тұқымынан және өсімді жолмен (вегетативті) көбейеді. Сәуір – мамыр айларында гүлдеп, маусымда тұқым шашады. Жемісі – үш ұялы, көп тұқымды қауашақ. Альберт қызғалдағы өте сирек кездесетін өсімдік. Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген.

 Бузе қызғалдағы (Tulipa buhseana)

 

Қысқаша сипаттамасы: Бузе қызғалдағы ( Tulipa buhseana) - лалагүлдер тұқымдасының көпжылдық өсімдігі. Бузе қызғалдағының биіктігі 15 – 40 см, пиязшығы жұмыртқа тәрізді, жуандығы 1 – 1,5 см, сырты қатты, ішкі жағынан ұшы жіңішке түкті қабықшалы. Сабағы жалаңаш, сирек жоғарғы жағы түкті, жапырақ саны екеу, өте алшақ орналасқан, қайырылған, бүгілген, сызықты, төменгісі жалпақ, ені 3 – 8 мм, әдетте гүлінен едәуір қысқа. Гүл саны – 1 – 4 (кейде 6-ға дейін), гүл серігі сары, ұзындығы 15 – 30 мм, сүйір, сыртқылары күлгін. Түбі тарамды, ішкісінен 2 есе дерлік жіңішке, ішкілері сопақша, түбіне қарай біртіндеп жіңішкерген, осында тарамды және кірпікшелі, аталықтары гүл серігінен 2 есе қысқа. Олардың жіптері сары, кеңейген түбінде қалың түкті сақиналы, одан жоғары әдетте түкті, тозандықтары сызықты сопақша, ұзындығы 4 – 6 мм, сары немесе ұшы шамалы күлгін, сүйір ұшы қысқа. Түйіні аталықтан шамалы қысқа, қысқа бағаналы болады.

Сәуір - мамыр айларында гүлдейді. Шөлдегі құмды және сазды топырақта өседі. Торғай, Арал маңы, Қызылорда, Балқаш - Алакөл, Қызылқұм, Түркістан аудандарында, Шу-Іле тауларында кездеседі.