Директордың алғыс сөзі

Құрметті қонақтар!

       «Таңбалы» мемлекеттік тарихи- мәдени және табиғи қорық-музейінің ресми сайтына қош келдіңіздер!

      Біздің мекеменің ресми сайты Сіздерді қорық - музейдің қызметімен, осы салада еңбек етіп жүрген қызметкерлердің «Таңбалы» петроглифтерін насихаттау жолындағы жұмыс бағытымен таныстырады. Сонымен қатар, Сіздер 3D форматында «Таңбалы» кешенінің туристік маршруттарымен танысуға мүмкіндік аласыздар.

      Туристерге ұлттық қүндылықтарымызды насихаттау бағытында кешен аумағынан этноауыл алаңы ашылған. Сондай-ақ қазіргі уақытта заманауи үлгідегі «Таңбалы» сапаршы – орталығының құрылысы салынуда. Жаңа орталықта туристерге арналған қонақжайлар, тамақтану орны, зертхана басқа да қажетті жағдайлар қарастыру жоспарланған.

      Бүгінде «Таңбалы» кешені - отандық және шетелдік ғалымдар, археологтар мен зерттеушілер жиі бас қосатын экспедициялық аймақ.

       Музей ұжымы ұлттық тарихымыздан сыр шертетін «Наурыз» мерекесін өткізуді, ұлттық ат спорты ойындарынан жарыс ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Сондай- ақ жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылып жүрген «Оразбаев оқулары» халықаралық ғылыми-танымдық конференциясы да тәжірибе жинақтауға мол мүмкіндіктер береді.

      Қорық-музейдің Жетісу өңіріне археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуде өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан.

      Сіздерді жоғалып кеткен дала өркениетінің табиғатпен үндесіп, бүгінгі күнге жеткен, көне дәуір шежіресі - «Таңбалының» жартас өнерімен танысуға шақырамыз!

Құрметпен,

Әмірғалиев Мадияр Орынтайұлы