Мы в социальных сетях

Пандемия еліміздің туризм саласына тың серпін берді

Новости
21 Января 2021

Пандемия қызмет көрсету нарығына қатты әсер етті. Мәселен, жекелеген өңірлердің туризм саласы өте ауыр жағдайға тап болды. 2020 жылы 16 наурызда елімізде Төтенше жағдай жарияланып, бүкіл әлем бойынша шекара жабылды, халықаралық әуе тасымалы тоқтады.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова еліміздің туризм саласы бойынша өткен жылды қорытындылай келе маңызды мәселелерге тоқталып өтті.

"Алғашқы өзекті тақырыптың бірі – пандемия басталған сәтте әлемдік курорттарда демалып жатқан отандастарымызды елге қайтару мәселесі болды. Осы тұста бұл проблемаға әлемнің көптеген елі тап болғанын айта кету керек.

Үкімет алдын ала енгізген шет мемлекетке саяхаттау бойынша азаматтардың құқықтарына кепілдік беру жүйесі бізге бір апта ішінде 5 913 азаматты елге қайтаруды жедел ұйымдастыруға мүмкіндік берді. Жүйе бізге әрбір туристің аты-жөнін, оның демалу орны мен кезегін білуге, сол арқылы тапсырманы барынша тиімді орындауға мүмкіндік берді.

Бұдан әрі, біз туристік нарықта қаржылық проблемаларға тап болдық. Компаниялар білікті кадрлар мен кеңсені ұстап тұру үшін жалақы, салық төлеуге мәжбүр болды.

Үкіметтің дағдарысқа қарсы шаралар қабылдау жөніндегі жұмысы шеңберінде біздің Министрлік салықтан босату, жеңілдікті несиелер беру, қолданыстағы несиелердің мерзімін ұзарту жөнінде тиісті ұсыныстар енгізді. Бұл шаралардың барлығын Премьер-Министр мен Үкіметтің қаржы блогы қолдады.

Эпидемиологиялық жағдайдың біртіндеп тұрақтануын ескере отырып, біз нарықты жоспарлы қалпына келтіруге бағытталған қосымша шаралар әзірледік.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, бірінші кезеңде қалааралық әуе және теміржол қатынасын, автобус тасымалын қалпына келтіру басталды. Содан кейін біртіндеп әлемнің негізгі курорттық бағыттарына әуе қатынасы ашылды. Бұл туркомпанияларға 2020 жылдың наурыз айынан мамыр айына дейін демалыс билеттері үшін төлем жасаған клиенттер алдындағы бұрын қабылданған, бірақ кейінге қалдырылған міндеттемелерді орындауға мүмкіндік берді.

Қазақстандағы курорттарды іске қосу үшін Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп туристік нысандардың қауіпсіз жұмыс істеу алгоритмі әзірленді және бұл өзінің тиімділігін көрсетті. Бұл ішкі туризм саласын уақытылы қолдауға жол ашты.

Парламент Мәжілісінде туризм туралы заң жобасын ілгерілету бойынша жұмыс жалғасын тапты. Бюджет шығынын жаппай қысқартып жатқанда Мәжіліс депутаттары мен Үкімет туризм саласын мемлекеттік қолдаудың бірқатар жаңа ісшарасын қолдады. 2025 жылға дейін 163 млрд.теңге мөлшеріндегі шығыстар мақұлданды. Бұл ісшаралар дағдарыстан кейінгі кезеңде туристік қызметтер нарығының дамуына айтарлықтай оң әсер етуге тиіс.

Пандемия кезеңі туристік нарықтың, «Атамекен» ҰКП-ның Kazakh Tourism ҰК АҚ-мен өзара тығыз іс-қимылына әсер еткенін атап өткен жөн. Жол карталарына қол қойылып, тұрақты негізде вебинарлар мен таласқа түскен мәселелерге талқылау жүргізілді, жаңа тәсілдер әзірленіп, зерттеу экспедициялары ұйымдастырылды.

Тұтастай алғанда, 2020 жылдың қорытындысы Үкіметтің туристік нарықты біртіндеп қалпына келтіру жөніндегі міндетті ойдағыдай орындағанын көрсетеді.

Осы орайда демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жағдай жасап, барлық регламент пен шектеуді жауапкершілікпен сақтаған кәсіпкерлердің түсіністігі мен қолдауын атап өтер едім", деді Мәдениет және спорт министрі.

Бұған қоса ҚР МСМ Туризм индустриясы комитетінің басшысы Дастан Рыспеков дағдарыс кезеңінде атқарылған жұмыс туралы баяндап берді.

"Шет елге саяхаттау бойынша азаматтардың құқықтарына кепілдік беру жүйесі 2016 жылы құрылды және пандемия басталысымен біздің Министрлік жүйенің операторымен бірлесіп, «Туристік қамқор» қорымен бір апта ішінде сол кезде әлемдік курорттарда демалып жатқан барлық қазақстандық туристі қайтаруды қамтамасыз еткен кезде өзінің тиімділігін көрсетті. «Эйр Астана» және «Скат» әуекомпаниясымен бірлесіп барлығы 19 чартерлік рейс жүзеге асырылды. Бұл ретте Қазақстан ТМД кеңістігінде бұл жұмысты бәрінен де жылдам жүргізіп, басқа мемлекеттерге жәрдем көрсетті.

Бұл жерде мемлекеттік бюджеттен бір де бір теңге жұмсалмағанын, туроператорлардың жарналары есебінен жинақталған Қордың қаражаты пайдаланылғанын атап өту қажет. Осылайша, үкімет құрған механизм өзіндік «қауіпсіздік жастығына» айналды.

Саланы шұғыл қолдау мақсатында «Атамекен» ҰКП-мен және туристік қоғамдастықпен бірлесіп, біз Үкіметпен мынадай іс шараларды әзірлеп, қолдадық:
- 2020 жылдың соңына дейін мүлік салығынан босату;
- 2020 жылдың соңына дейін еңбекақы төлеу қорынан салықтар мен басқа да төлемдерді есептеуден және төлеуден босату;
- басқа салықтар мен бюджетке төленетін міндетті төлемдер бойынша 2020 жылғы 1 маусымға дейін төлеу мерзімін кейінге қалдыруды ұсыну;
- 2020 жылдың 1 қазанына дейін банктік қарыз шарттары бойынша төлемдер мерзімін ұзартуды енгізу.
Бұдан басқа, қолданыстағы кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларына айналым қаражатын қаржыландыру жөніндегі шараларды кеңейту, пайыздық мөлшерлемені жылдық 6% -ға дейін біріздендіру және оған Мемлекеттік кепілдік бере отырып, кредит сомасын ұлғайту бөлігінде өзгерістер енгізілді. Бизнестің жол картасы бағдарламасы шеңберінде сала субъектілері үшін салалық шектеулер алып тасталынды, бұрын жеңілдікті кредиттер тек қонақүй бизнесіне берілсе, ал енді туроператорларға турагенттермен де берілуі мүмкін.

Сондай-ақ, туристік компаниялардың қызметкерлерін қолдау мақсатында мемлекет 2 ай ішінде ең төменгі жалақы мөлшерінде әлеуметтік төлемдер төледі. Бұл жерде аталған сома статистика деректеріне сәйкес осы сектордағы орташа айлық жалақының 40%-дан астамын құрағанын атап өту қажет.

Төтенше жағдай режимі жойылғаннан кейін туристік қызметтер нарығын қалпына келтіру үшін шектеулер кезең-кезеңімен жеңілдетілді.

Өткен жылдың 30 мамырына қарай барлық ішкі авиамаршрут қалпына келтірілді, ал 1 маусымнан бастап өңірлер арасында темір жол қатынасы мен тұрақты автобус тасымалы қалпына келтірілді. 20 маусымға қарай халықаралық әуерейстері біртіндеп қайта жандана бастады және қазақстандық туристер осы күні Түркияға демалысқа ұшып үлгерді. Бүгінгі таңда БАӘ, Египет, Мальдив, Шри-Ланка сияқты барлық танымал курорттық бағыт бойынша әуе қатынасы қалпына келтірілді және әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға байланысты бұл тізім кеңейтілетін болады.

Ел төтенше жағдайдан шыққаннан кейін турбизнес субъектілерінің қызметін қамтамасыз ету мақсатында қызмет етушілер мен демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, карантин кезінде курорт, демалыс аймағы, санаторийлер жұмысының әзірленген алгоритмі табысты жұмыс істеді. Тұрақты негізде өңірлердің әкімдіктерінде құрылған мониторингтік топтар қызмет етіп, туристік объектілердің қабылданған алгоритмдерге сәйкестігін қадағалады.

Бизнес бұл мәселеге жауапкершілікпен қарағанын айта кету керек. Туристік маусымның басталуына дайындалды, қорғаныс құралдарын сатып алды және барлық талапты сақтай отырып жұмысты жүйелі ұйымдастырды. Біздің министрлік өкілдері әкімдіктердегі әріптестерімен бірге бірқатар демалыс базаларына барып, бұған көз жеткізді.

Пандемия кезінде Үкімет жеке инвестормен бірлескен құрылысты аяқтап, 2020 жылғы шілде айының басында Каспий теңізінің жағалауында 500 нөмірлі және сыйымдылығы 1800-2000 адамға дейінгі Орталық Азиядағы ең ірі 5 жұлдызды «Rixos» курорттық үлгідегі қонақ үйін іске қосты.

Көптеген туркомпания туристік жолдамаларды сату бойынша қонақ үймен ынтымақтастық есебінен өздерінің қаржылық жағдайын жақсартты. Тек 2020 жылдың тамыз айында қонақ үйде шамамен 20 мың адам демалды, ал жылдың соңында бұл көрсеткіш 75 мыңнан астам адамға жетті.
Осылайша, ішкі туризмде, тіпті тәуекел аймағында болған аймақтарда да, клиенттер алдындағы өз міндеттемелерін орындау және жұмыс жасау мүмкіндігі берілді. Біздің ақпаратымыз бойынша, өткен жылдың жазғы туристік маусымының соңына дейін барлық курорттық орындарда брондау үшін бос орындар болған жоқ.

Саланы жедел қалпына келтіру және оның ұзақ мерзімді (2025 жылға дейінгі бес жылдық кезеңге) инвестициялық әлеуетін арттыру мақсатында заң жобасы шеңберінде саланы дамытуды ынталандырудың мынадай қосымша шаралары әзірленді:
- туристік объектілер мен жол бойындағы сервис объектілерін салу кезінде жеке бизнестің шығындарын өтеу– инвестициялар сомасынан 10% - ға дейін;
- тау шаңғысы жабдықтары мен туристік кластағы көлік құралдарын сатып алу бойынша шығындардың 25%-ын өтеу;
- әрбір шетелдік турист үшін туроператорлардың шығындарын 15 000 теңге мөлшерінде субсидиялау;
- ішкі әуемаршрут бойынша балалар үшін тасымалдау ақысының 100% өтеу;
-санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстауға 83 300 теңге көлемінде шығындарды субсидиялау"-деді ол.

Осы іс-шараларды іске асыру есебінен экономикаға 180 млрд теңге қосымша бюджет кірістерін тарту, 170 мыңнан астам жұмыс орнын құру және кемінде 1000 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

 

[=https://www.gov.kz/memleket/entities/mcs/press/news/details/147772?lang=kk] Ссылка на сайт

Другие новости

Мы в социальных сетях