Мы в социальных сетях

ТАСҚА ТАҢБАЛАНҒАН ТАРИХ

Новости
09 Декабря 2020

Айтып айтпай не керек, қазақ тарихын Ресейдің державалық ­саясаты еліміз тәуелсіздік алғанға дейін тереңге жібермей, темір құрсаумен тарылтып келді. Оған дейін ұлы даламыз бен тауларымыздан табылған жәдігерлерді сақ, ғұн тайпаларына тиесілі деп халқымыздан алыстатуға тырысты. Бұрмалады, жойды. Қайдағы бір елес пен сағымға айналдырды. Ал, шындығында, сол тайпалар қазақтың арғы бабалары болатын... Құдайға шүкір, тәуелсіздіктің ақ таңы атқан соң бірте-бірте ақиқаттың беті ашылды. Тас, қола дәуіріндегі тарихымызды ғалымдарымыз елге әйгілеп берді. Соның бір ғана бөлігі Жетісу өңіріндегі «Таңбалы тастар». Алматы ­облысы Жамбыл ауданы Қарабастау ауылынан солтүстік-батысқа қарай 4 шақырым жердегі Таңбалы шатқалында орналасқан бұл тарихи жерде 2003 жылдың 14 қазанында ҚР Үкіметінің №1052 қаулысымен «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи қорық мұражайы құрылған болатын.

Жақында осы мұражайда 2018-2020 жылдар ара­лығында құрылысы жүрген Визит орталықтың ашылу салтанаты болды. Оған Мәдениет және спорт-вице-министрі Н.Дәуешов, Алматы ­облысы әкімінің орынбасары Р.Әлиұлы, Жамбыл ауданының әкімі Б.Әлиев және ЮНЕСКО-ның Қазақстандағы кластерлік бюросының өкілі А.Халафа қатысып, аудан халқын осынау қуанышты ­шарамен құттықтап, жаңа ғимараттың тұсауын кесті. Ашылу салтанатына жиналған қауым ғимараттағы көрме залымен танысты.

Бұдан кейін салтанатты шара «Жетісудың жартас өнері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға жалғасты. Оның барысында «Жетісудың жартас өнері» атты үш тілдегі ғылыми-танымдық жаңа жинақтың тұсауы кесілді.

 

Конференцияда тарих ғылымы­ның докторы, профессор, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лау­реаты Ж.Таймағанбетов, әл-Фараби атын­дағы ҚазҰУ, тарих факультетінің ­археология-этнология кафедрасының меңгерушісі Р.Жұматаев жинаққа енген ғылыми мақалалар мен ондағы суреттердің тарих үшін маңыздылығына тоқталды. Ал «Таңбалы» қорық-музейі ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Р.Шарипов, тарих ғылымының кандидаты, Ш.Уәлиханов атындағы ­тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері А.Уалтаева, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген экскурсоводы, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени-құндылықтар ұлттық комитетінің мүшесі, «Туризм ғылыми-зерттеу институты» ЖШС  әдіскері Б.Оразымбетова және тағы да басқа зерттеушілер Жетісудың жартас өнері мен «Таңбалы» қорық мұражайындағы петроглифтер мен қорғандар туралы баяндама жасады. Бұл баяндамадан қорықтың өзіндік ерекшеліктерін ұқтық. Атап айтқанда, 2003 жылы құрылған қорық 2004 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізіліпті. Жалпы аумағы 3800 гектар аумақта петроглифтердің 7-тобында 5000 жәдігер анықталған. Олардың 3195-і жартас беттеріндегі түрлі аң мен құстың, адам және малдың суреті. ­Сонымен қатар мұнда ежелгі қоныстардың орны мен обалар, қорғандар да бар. Осы обалар мен қорғандарға археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, олардан садақ, балта секілді қару-жарақ пен түрлі ыдыс-аяқ секілді тұрмыстық заттар сынықтары табылған. Олардың біздің заманымызға дейінгі тас, қола дәуіріне жататын заттар екені анықталған. Бұл жұмыстарды отандық ғалымдармен бірлесіп, қорықтың төрт бөлімнен тұратын 37 штаттық бірліктегі мамандары жүргізген. Осы зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында 2019 жылы «Таңбалы» қорық музейінің ғылыми қызметкерлері 4 мәрте шетелге шығып, Ресей, Түркия, Қырғызстан және Әзербайжан мем­лекеттеріндегі халықаралық ғылыми-танымдық конференцияларда баяндама жасап, тәжірибе алмасқан. Қорық директоры Мадияр Орынтайұлы бұл бағыттағы зерттеулер болашақта ­Еуропа елдерімен жалғасатынын ­айтып отыр. Директордың айтуынша, соңғы 3 жылдың көлемінде «Таңбалы» қорық музейі инфроқұрылымын дамыту мақсатында бірқатар нәтижелі жұмыс атқарылған. Мәселен, 2017 жылы БҰҰ-ның «Даму» бағдарламасы бойынша «Таңбалы» кешеніне күн мен желден қуаттанатын 5 киловаттық электрстанциясы орнатылыпты. ­Сонымен бірге Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен «Таңбалы» кешеніне апаратын Қопа-Қарабастау тас жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жаңадан ашылған орталықта қонақтарға арналған 22 орындық қонақүй ашылып, асхана жұмысы жолға қойылған. 2020 жылғы республикалық бюджеттің қаржыландыруы нәтижесінде ғи­мараттың көрме залын музейлендіру жұмыстары жүргізілді. Заманауи үлгіде жабдықталған жаңа орталық көрме залы, конференция залы, зертхана, кітапхана қызмет көрсететін болған. Ғимарат ауласына 5 киіз үй тігіліп, ұлттық нақыш­тағы этноауыл алаңы жабдықталған. Орталығының сыртқы алаңы толығымен көгалдандырылып, келушілер үшін арнайы автотұрақ пен орындықтар қамтамасыз етілген. 2019 жылы облыс әкімдігінің қаржыландыруымен Қарабастау ауылынан арақашықтығы 5 шақырымды құрайтын «Таңбалы» кешеніне ауыз су жүйесі тартылған. Нәтижесінде кешенге келген туристерді таза ауызсумен қамту мәселесі шешімін тауып, кешен аумағын көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. Осы жұмыстар нәтижесінде «Таңбалы» табиғи қорығы отандық және шетелдік туристер мен зерттеушілердің зор қызығушылығын тудырып отырған, ерекше тарихи аймаққа айналды. Сондықтан да 2019 жылы музейге келген отандық және шетелдік туристердің жалпы саны – 8 мың 862 адамды құрап, 2018 жылмен салыстырғанда 65 пайызға өскен. Бұған ғимарат ішіндегі конференция залы ғылыми жобаларға негізделген мәдени шараларды (конференция, семинар, дөңгелек үстел, т.б.) және басқа да жиындарды ұйымдастыруға зор мүмкіндік беретіні және қорықтың табиғи ерекшелігі себеп болуда. Ал зертханаға арналған арнайы бөлмелерде музей қызметкерлері археологиялық қазба жұмыстарынан табылған тарихи жәдігерлерді, басқа да бұйымдарды зерттеп, талдау жұмыстарын жүргізуге, консервациялық жұмыстарды ұйым­дастыруға жағдай жасаған. Яғни туристер мен қонақтар «Таңбалы» шатқалындағы жартас бетінен көрген бейнелермен қатар ғимарат ішіндегі көрме залы арқылы археологиялық қазба жұмыстарынан табылған жәдігерлермен танысып, қосымша ақпарат алады. Сондай-ақ ұлттық дәстүріміз, тарихымыз бен мәдениетімізге негізделген этноауыл арқылы қазақтың дәстүрлі қолөнері, аңшылық өнері, тұрмыс-салт бұйымдары, т.б. тамашалай алады. Үстіміздегі жылы пандамея жағдайына қарамастан «Таңбалы» қорық музейінің ғылыми қызметкерлері әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дің геоархеология зертханасының мамандарымен бірлесіп Алматы облысы Жамбыл ауданының Кеңсай елді мекенінде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген. Оның барысында қола дәуіріне тиісті 8 қабір, орта ғасырға тән 2 қабір және ерте темір дәуіріне жататын 2 қорған аршылып, зерттелген. Қазіргі таңда қазба жұмыстарынан табылған тарихи жәдігерлерді зерттеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Зерттеу жұмыстары аяқталған соң жәдігерлер музей қорына алынады. Сонымен қатар «Таңбалы» қорық-музейінің ортаңғы аумағындағы бес топқа мониторинг жұмыстары жүргізіліп, жалпы саны 3195 жартас суреттері үш тілде құжаттандырылған. Індет тоқтап, ел қалыпты тірлікке көшсе, қорық аумағы отандық және шет елдік туристердің ерекше қызығушылығын тудыратын аймаққа айналары анық.

 Нұрболат Абайұлы
«Ana tili»

http://anatili.kazgazeta.kz/news/58712

Другие новости

Мы в социальных сетях