«Таңбалы» қорық-музейі
Таңбалы тастары – көне дәуірден сыр шертетін тарихи дерек
Тастар сөйлейді
Ұлы Дала тағылымын танытқан,
Тастар жатыр кең далада шаңытқан.
Бірі кен боп бағаланса адамға,
Минералды бірі тұзға қаныққан...
...Енді бірі – шежіреші бітік тас,
Ғасыр үнін естиді жан оны ұққан...,
‑ деп «Тастар сыры» өлеңінде А. Қасымбек жырлағандай, тастар да тарих куәгері. Иә, ел тарихын танытатын балбал тастардан бастап, шежіре шерткен бітік тастар, петроглифті сурет жартастар – тарих кітабы, уақыт үні, тіршілік мектебі.
Елбасымыздың «Мәдени мұра» бағдарламасын іске асыру барысында Мәдениет және ақпарат министрлігінің іс-шаралары негізінде 2003 жылы Алматы облысы, Жамбыл ауданында «Таңбалы» қорық-мұражайы құрылғаны баршаға аян. Осылайша, ерекшелігімен көргенді таң қалдыратын, тастардың тылсым сырын ашатын тағы бір қорық туристерге есігін айқара ашты.
Мұндағы тарихтың ізі сонау қола дәуірінен бүгінгі күнге дейін сайрап жатыр. Мәселен, қола дәуірі тұрғындарының тұрағы, бейіттері, Сақ тайпаларының өмірінен мәлімет беретін жәдігерлер, Үйсін тайпаларының қоныстары мен оба-молалары, Түркі қағанаты кезеңіне сай келетін жартас суреттері және тағы басқа. Бір қызығы, осының бәрі – таста таңбаланған .
Таңбалы тастарының мәнділігі мынада: ол – Орта Азиядағы жартастағы өнердің ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мұралар Тізіміне енгізілген бірінші ескерткіш. Қазақстанның көп ғасырлық тарихындағы Таңбалының мәнділігі, мұнда қола дәуірінің суретшілері алғаш рет құдайға антропоморфтық кескін бере отырып, оны көріп білуге болатын бейнесін жасауында. Таңбалының әлемдік мәні де терең: мұнда адам ашық аспан астында Күн Ордасын жасай отырып, ландшафтың табиғи өзгешелігімен өзінің шығармашылық даналығын біріктіре білген.
Таңбалы шатқалындағы жартас суреттері – Орта Азия шеңберінде ғана емес, ғаламдық көлемде танымал, аса маңызды тарихи мұралардың бірі. Бұл көзқарас көпжылдық зерттеулер нәтижесінде нақтыланды және күллі адамзатқа қастерлі тарихи-мәдени мұра деген түсінікті қалыптастырды.
Таңбалы шатқалының жартас суреттерін зерттеу - петроглифтердің тарихи-мәдени және палеоэкологиялық мағыналы мәтінін түсінуге жол ашады. Ондағы жартас суреттері ертедегі адамдардың қоршаған әлемді қабылдауын көрсетеді, озық ойлы дүниетанымын танытады.
Жартастағы суреттер - ата‑бабаларымыздың ғасырлардан жолдаған сәлемдемесі сияқты. Біздің санамызға әсер ете отырып, түрлі ғасырлар мен уақыттың тынысын сездіреді. Таңбалы петроглифтері өзіндік құбылыс, дала төсіндегі феномен. Петроглифтердің бейнелеу қатарлары белгілі жүйемен қатар, философиялық, танымдық бірізділікке негізделген.
Таңбалы шатқалындағы ескерткіштердің ең көп кездесетін түрлері айтарлықтай маңызды болып табылады. Жартасқа салынған барлық суреттер тегіс тас беттеріне нүктелеп құру техникасымен, сирек жағдайда металл құралдар немесе тастың көмегі арқылы нақышталып орындалған. Таңбалы кешеніндегі петроглифтердің жалпы саны 5000-ға жуықтайды.
Таңбалыдағы қола дәуір адамдарының тұрақтары, көне бейіттері, жартастағы сурет бейнелері мен жазулар бұл жердің тарихы ежелден басталғандығын дәлелдейді. Таңбалы өзені бойында көне қоныстар мен құрбандық шалатын арнайы орындардың да ізі жатыр. Бұл тұжырымға осы жерлердегі қазба жұмысы кезінде табылған көптеген мал сүйектері мен жартас суреттері нақты айғақ бола алады.
Кешеннің барлық кезеңдердегі негізі жартастарында ашық аспан астындағы 3000-нан астам жартас суреттері топтастырыла орналасқан (1-5 топ) каньон болып табылады. Ертедегі петроглифтер белгілі бір бағытқа ғана бағдарланған жазықтықтарға ойып жасалған. Аңғарда каньонның әрбір жартасының алдында қола дәуірінің барлық суреттері күрделі композицияларға дәйектілікпен орналасқан. Таңбалы петроглифтер галереясы қола дәуірі тайпаларының ертедегі мифологиясы негізіндегі көркем хикаяны нақтылы түрде көрсетеді. Қола дәуіріндегі Таңбалының көптеген петроглифтері Орталық Азиядағы жартас өнерінің бірегейі.
1957 жылы еліміздің зерттеушілері Таңбалы жартас суреттері туралы мәліметтерді, соның ішінде сапалы көптеген фотоматериалдарды, алғашқы рет ғылыми айналымға енгізді. Сол уақыттан бері осы тамаша ескерткішке зерттеуші археологтар, тарихшылар, өнертанушылар, геологтар, суретшілер әлде неше рет назар аударды, әртүрлі деректі фильмдер түсірілді, нәтижесінде «Таңбалы» танымал ескерткішке айналды. Бірнеше бөліктен, тастағы таңбалардан, әртүрлі дәуірлердің жерлеу-ғұрыптық нысандарынан, тұрақтар мен қоныстардан, сонымен қатар осылар орналасқан табиғи ландшафтық ортадан тұратын бұл кешеннің ұлылығы осы кезден басталады.
Таңбалы шатқалының аумағында жүзден астам әр түрлі уақыттағы ескерткіштер – қола дәуірінен біздің заманымызға дейінгі 14-13 ғасырдың ортасынан 19-20 ғасырлардың дейінгі аралықты қамтыған қоныстар, молалар, ертедегі тас қашалған орындар, петроглифтер және табыну ғимараттары (құрбан шалынатын жерлер) ашық аспан астында өзіне тән тарихи құндылығын сақтай отырып қорғалуда. Олардың бәрі бірігіп үш мың жыл бойы біздің еліміздің көптеген ертедегі және қазіргі кездегі халықтарының тарихын нақтылы көрсететін археологиялық кешенді құрайды.
Қорыта айтқанда: тастағы суреттер сыры – көне дәуірден сыр шертетін тарихи дерек. Оны зерттеу өткенімізді ғана емес, адамзаттың саналы ғұмырын құрайтын ойшылдығын тануға, дүниетанымын ұлықтауға бағдар болады.
Құралай Қалықбаева
«Таңбалы» қорық-музейінің
аға ғылыми қызметкері
ссылка на сайт <a href="URL">...</a>