Біз әлеуметтік желілердеміз

Дәурен Абаев Алматы қаласындағы мәдениет нысандарын аралады

Жаңалықтар
29 Января 2022

Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясына, Қазреставрацияға, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейіне, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрына, Михаил Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театрына, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильмге», ҚР Мемлекеттік академиялық би театрына  және Республикалық академиялық неміс драма театрына барды.

Ол министрлікке бағынысты ұйымдардың ұжымдарымен кездесіп, әңгімелесті. Сонымен қатар қаңтар оқиғасы кезінде мәдениет ошақтарына келтірілген залалды қарап шықты.

Кездесу барысында министр қандай жағдай болмасын, Алматы әрқашан еліміздің мәдени астанасы болып қала беретінін атап өтті.

«Қаланың музей, архив, кітап қорларының байлығы, театр және концерттік репертуарлардың алуан түрлілігі, қалада жасампаз жастардың, өнер саласы қызметкерлерінің шоғырлануы – әрқашанда болған және жалғасын таба береді. Ендігі жерде біз екі есе күш- жігермен оңтүстік астананың мәдени ландшафтын дамыту мен түрлендіруге жұмыс істеуге тиіспіз. Бұл істе сіздердің көмектеріңіз, қолдауларыңыз сөзсіз қажет»,- деді Д. Абаев мәдениет нысандарының қызметкерлеріне арнаған сөзінде.

Сонымен қатар кездесу барысында мекеме басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, бай дәстүр мен жылдар бойы қалыптасқан репертуарды жаңа тәсілдермен, шығармашылық эксперименттермен, жас режиссерлердің, сценаристердің, драматургтердің, композиторлардың жаңа толқын өкілдерімен ынтымақтастықпен байланыстыру қажет екендігі айтылды.

Осы тұрғыда Министр театр мен киноның терең мағыналық, идеологиялық мәніне ерекше назар аударды.

«Бүгін біздің алдымызда еліміздің жастары үшін оң рөлдік модельдерді қалыптастыру бағытында маңызды міндет тұр. Жаңадан күрделі дүниені ойлап табудың қажеті жоқ. Мұның бәрін Ұлы ақын, дана ойшыл, қазақтың жаңа тарихи дәуірдегі реалистік жазба әдебиетінің атасы Абай Құнанбайұлы әлдеқашан айтып кеткен. Ұлы ақынның ғибратты сөздері және даналық ұйыған ойлары мен тұжырымдамасы барлық қажеттілікті қамтиды – тәуелсіздік, адалдық, өзін-өзі жетілдіруге деген ұмтылыс, әділеттілік пен адамгершілік сезімдері. Бұл құндылықтарды отандық фильмдер мен спектакльдердің сюжеттік желісіне енгізу қажет»,- деп атап өтті министр.

Сонымен қатар Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл мерейтойын лайықты деңгейде атап өту, Ұлы прозаиктің есімімен аталатын драма театр ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу жөнінде жеке тапсырмалар берілді.

Жамбыл атындағы филармонияда министр «Отырар сазы» оркестрінің 40 жылдығы мен 2025 жылы Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығын мерекелеу мәселесін талқылауды ұсынды.

«Қазақфильмді» аралау барысында министр кинофабриканы жаңғырту жұмыстарының барысымен танысып, «Ұлы дала таңы» фильмінің көрсетіліміне қатысты.

 

 

 

 

Другие новости

Біз әлеуметтік желілердеміз