«Таңбалы» қорық-музейі
«Орталық Азияның мәдени мұрасы контекстіндегі жартас өнері» атты І Халықаралық ғылыми Форум
2025 жылдың 5 мамырында «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қолдауымен «Орталық Азияның мәдени мұрасы контекстіндегі жартас өнері» атты І Халықаралық ғылыми Форум ұйымдастырып өткізді.
Форум онлайн және оффлайн форматта өтті.
Аталмыш іс-шараға Иран, Қытай және Моңғолия елдерінен жартас өнерін зерттеушілері мен археология, этнология және тарих салаларының жетекші мамандары қатысты. Жиын барысында жартас бейнелерінің хронологиясы, стильдік ерекшеліктері мен мазмұндық қырлары талқыланып, дөңгелек үстелдер аясында интерпретация әдістері мен зерттеу тәсілдері қарастырылды.
Сондай-ақ форум аясында «Таңбалы» музей-қорығы дайындаған көпшілікке арналған «Бағдар кітапшасының» тұсаукесері өтті. Аталған басылым жартас өнері бойынша ғылыми-ағартушылық жұмысты кеңейтуге бағытталған маңызды құрал ретінде ұсынылды.
Форум қорытындысында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты мен «Таңбалы» музей-қорығы арасында ғылыми-зерттеу, далалық жұмыстар және академиялық ынтымақтастықты көздейтін меморандумға қол қойылды.