«Таңбалы» музей-қорығы
«Сулайман-ТОО – Бүкіләлемдік мұра нысаны» көрмесінің ашылуы өтті

2026 жылдың сәуір айының 21-жұлдызында әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде өтіп жатқан «XVIII Оразбаев оқулары» Халықаралық конференциясында «Сулайман-ТОО - Бүкіләлемдік мұра нысаны» атты көрменің ашылуы өтті.
Көрме «Таңбалы» мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығы мен Қырғызстан Республикасындағы «Сулайман-ТОО» ұлттық тарихи-археологиялық музей-кешені арасында жасалған өзара ынтымақтастық туралы меморандум негізінде жүзеге асты.
Көрме тақырыптық тұрғыдан киелі таудың қалыптасу феноменін, оның Ұлы Жібек жолы бойындағы тарихи рөлін және аймақ халықтарының діни-рухани дүниетанымындағы орнын жан-жақты қамтиды.
Экспозицияның арнайы бөлімі Сүлеймен тауы мен Таңбалы петроглифтері археологиялық кешендеріне арналған. Аталған нысандар Орталық Азия өңірінің мәдени кеңістігіндегі тұтастықты айқындап, ежелгі халықтардың ғарыш пен әлем құрылымы туралы ортақ дүниетанымдық түсініктерін көрсетеді.
Ұйымдастырушылар экспозицияның мазмұндық және құрылымдық ерекшеліктерін атап өтіп, оның дәстүрлі ғылыми деректер мен заманауи технологиялық шешімдердің үйлесімді интеграциясына негізделгенін жеткізеді. Көрмеде 3D модельдер, цифрлық карталар, QR-кодтар және интерактивті аудиогидтер қолданылып, тау кешендерінің тарихи кезеңдердегі эволюциясы көрнекі түрде ұсынылған.
Аталған тәсіл көрмені кең аудитория үшін қолжетімді етіп, мәдени мұраны заманауи форматта тереңірек зерделеуге мүмкіндік береді.




3D Тур Таңбалы