«Таңбалы» қорық-музейі
Таңбалы музей-қорығында түркі халықтарының рухани құндылықтары мен мәдени мұрасы талқыланды
Таңбалы мемлекеттік тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығында «Түркі халықтарының рухани құндылықтары мен мәдени мұрасы» халықаралық конференциясы өтуде.
Іс-шараға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және басқа да түркі әлемі елдерінің өкілдері қатысып жатыр.
Конференция барысында Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры жанынан құрылған Реставраторлар мен тарихшы-сәулетшілер консультативтік кеңесінің бірінші отырысы өтті. Сарапшылар түркі археологиялық мұрасын зерттеу және қалпына келтіру саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
«Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында еліміздің тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен жаһандық деңгейде насихаттаудың маңызынн ерекше атап өтті. Біздің міндетіміз – «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» заңды жетілдіру аясында жұмыс істеу», – деді Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітова.
Жиын барысында «Таңбалы» музей-қорығына келушілер орталығында петроглифтерді сақтауға зор үлес қосатын жартастағы суреттерді қалпына келтіруге арналған ғылыми-реставрациялық зертхана ашылды.
Қатысушылар сонымен қатар «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы мен «Құлан» көне қалашығын аралап, экскурсиялар жасады.
Айта кетейік, конференция Таңбалы ескерткіштерінің ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізілгеніне 20 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.