Біз әлеуметтік желілердеміз

"Танбалы-Тас" археологиялық кешені

        Орналасқан жері: Алматы облысы,  Қапшағай су бөгетінен 20 км солтүстік-батыста, Іле өзенінің жағалауында.

         Географиялық координаттары: 44°03′43″ N 77°00′02″ E

        1981 жылдың ақпан айында Таңбалы тас жеpгiлiктi маңызы баp ескеpткiш pетiнде мемлекеттiк қоpғауға алынды.

        Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт  министрлігінің  2017 жылдың  14 ақпанындағы  №090217/4227 хатына сәйкес  Іле өзені бойындағы  жергілікті  маңызы бар «Таңбалы тас» тарих және мәдениет ескерткішін «Таңбалы» музей-қорығының басқаруына беру жөнінде шешім қабылданды.  Бұл ұсынысқа Алматы облысы әкімдігі де қолдау танытып, Қапшағай қаласы әкімінің 2018 жылдың 20 тамызындағы № 630 қауылысына сәйкес ескерткіш орналасқан аумақтың 12 га жер телімін тұрақты  жер пайдалану құқығы «Таңбалы» музей-қорығына берілді.

        

     Іле өзенінің бойында көптеген тарихи орындар мен ескерткіштердің арасында Таңбалы тас шатқалы айрықша орын алған.  Бұл шатқалда 60 метрге дейін жететін үлкен жартастар бар. Жекелеген жартас беттерінде Будда мен Бұрхан бейнелері, сонымен қатар әр-түрлі стилде жазылған тибет жазуларын көруге болады. Таңбалы тас жазулары мен бейнелері тасқа мейлінше шеберлікпен қашалған, суреттері анық, сондай-ақ контур сызықтары көркемдігімен ерекшеленеді. Зерттеушілердің пайымдауынша бұл аумақ алуан түрлі қауіп қатер мен зұлым күштерден қорғануды көздейтін біртұтас мақсатта салынғандығын меңзейді. Жан-жағы биік жартастармен қоршалған шатқал керуен тоқтауға таптырмас жер екені аңғаруға болады.  

           Қазіргі заманда Таңбалытас шатқалы Будда бейнелері мен тибет жазуларымен кеңінен танылды. Ол жазуларды 1856 жылы Шоқан Уалиханов зерттеп қағаз бетіне түсіргені белгілі. Ол ескерткіштегі тибет жазулары мен бейнелерінің көбінің көшірмесін алып, сипаттамасын жасаған. Тибет жазуларының бір бөлігін және Будда мәдениетін Д.А. Позднеев зерттеген.

          ХХ ғасырдың жетпісінші жылдары Таңбалытастағы жазулар мен бейнелерді Әлкей Марғұлан зерттеу жұмыстарын жүргізген. Ол тибет жазуларының аудармаларын жүйелеп, бұл композицияның XVII-XVIII ғасырлардан, яғни Жетісу өңірін жоңғарлар жаулап алған кезден қалғаны жөнінде болжамдарын жасаған.

            Негізгі бес сурет пен тибет жазудан құралатын барлық композиция үш үлкен жартас бетіне қашалып салынған. Будда бейнесінің бірі негізгі кешеннен бөлек өзен жағасынан 50 метр аралығында орналасқан. Үлкен тастардың арасынан өтетін өткелде мүйізі бар жылан оралған бұрхан бейнесі бейнеленген.

Тұтастай алғанда бір композицияны құрайтын кешен Қазақстаннның тарихи-мәдени және өнер ескерткіштерінде айрықша орын алады. Зерттеушілердің зерттеу жұмыстарына сүйенсек мұндағы бейнелер стилі мен иконографиясы жағынан ұқсас бейнелерді Шығыс Қазақстан мен Моңғолияның археологиялық материалдарынан кездестіруге болады.

Біз әлеуметтік желілердеміз